13:39, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Мәжіліс биоотын өндірісін мемлекеттік реттеуге бағытталған жобаны бірінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы биоотын өндірісін және айналымын дамыту, биоотын өндірісі кезінде мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау шараларына бағытталады. Сонымен бірге, құжат биоотын өндірісі мен айналымына қатысы бар шаруашылық субъектілерінің қызметін құқықтық реттеуді жүзеге асырады. «Соңғы жылдары әлем елдері бойынша отын энергетика ресурстарына сұраныстың өсуіне, экологиялық талаптардың жоғарылауына байланысты ауыл шаруашылық дақылдарын, биологиялық текті шикізаттан биоотын өндіру технлогиясы қарқынды игеріліп келеді. Бұл жағдайда бүкіл әлемде осы саланың инвестициялық тартымдылығы жоғарылап отыр. Дүниежүзінде жүздеген зауыттар қолданысқа еніп, ауқымды ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, арнайы инновациялық технологиялар да әзірленіп жатыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Қазіргі уақытта республикамызда биоотын өндірісі мен айналымы нарығы бар деуге болады. Бірақ, осы салаға қатысушылар арасында заңнамалық реттеудің жетіспеушілігі, мемлекеттік қызметтерді бекіту қажеттілігі сезіліп отыр. Осы міндеттерді шешу, сондай-ақ биоотын өндірісі мен айналымы кезінде пайда болатын құқықтық-экономикалық шарттарды анықтау үшін заң жобасы әзірленіп отыр», деді Ауыл шаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаев.
Оның айтуынша, заң жобасында ең алдымен биоотынды өндіру кезінде мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қамтылып отыр.
Жобаны талқылау барысында палата депутаттары арасында биоотын өндірісі кезінде тамақ шикізатын қолдану үшін квота белгілеу, сондай-ақ 3-сұрыпты бидайды биоотын өндірісіне пайдалануға тыйым салу мәселелері бойынша түрлі пікірталастар қалыптасты. Дегенмен де, заң жобасы тұжырымдамалы түрде бірінші оқылымда мақұлданды. Ал келіспеушіліктерге ұласып отырған жоғарыда аталған екі мәселе заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында кеңінен талқыланатын болады.