Мәжіліс бірқатар конституциялық заңдарға енгізілген өзгерістерді мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасы бүгінгі отырыста мақұлданған Қылмыстық іс жүргізу кодексінің ілеспе құжаты болып табылады.

Мәжіліс бірқатар конституциялық заңдарға енгізілген өзгерістерді мақұлдады

Заң жобасы қолданыстағы заңнама нормаларын Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасымен сәйкес келтіруге, сондай-ақ қылмыстық процесті одан әрі жетілдіруге бағытталған. Бұл ретте «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына түзетулер енгізіліп отыр.

Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпековтің сөзіне қарағанда, өзгерістер аталған конституциялық заңдарды қолдануда құқықтық қайшылықтар мен олқылықтардың орын алмауын қамтамасыз етеді. Жалпы, заң жобасы қабылданса азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қылмыстық қолсұғушылықтан тиімді қорғау қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, құжат тұтастай алғанда заңдылық, демократиялық және билікті бөлу қағидатына нұқсан келтірмейді.

Бұдан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнаманың нормаларын Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасына сәйкес келтіру, сондай-ақ қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру болып табылады. Осыған орай, Қазақстан Республикасының отыз тоғыз заңнамалық актісіне түзетулер енгізіледі.