Мәжіліс «Бітімгершілік қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Заң жобасы Қазақстанның қабылдаған халықаралық мiндеттемелеріне сәйкес, ҚР ұлттық контингентiнiң бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөнiндегi операцияларға (миссияларға) қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, құжатта Қазақстан бiтiмгершiлiк қызметiнiң қағидаттары, мақсаттары мен мiндеттерiн айқындалады. Бұдан бөлек, заң жобасында ҚР Президентiнiң, Үкiметiнiң, Қорғаныс министрлiгi және басқа да мемлекеттік органдардың бiтiмгершiлiк қызмет саласындағы құзыреттерi белгiленедi.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, құжатты қабылдау бірқатар мүмкiндiктерге қол жеткiзетiн болады.
Атап айтқанда, Қазақстанның әлемдiк саяси сахнадағы халықаралық беделiн арттыруға және елiмiздiң халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтардағы мүдделерiн қорғауға септігін тигізеді. Бұдан бөлек, басқа елдердiң әскери және азаматтық персоналмен тиiмдi қарым-қатынас орнату және әрiптестiктi нығайту қарастырылады.
«Қарулы күштердi, басқа мемлекеттiк органдарды ел қауiпсiздiгiн қорғауға, төмен және орта қарқынды қақтығыстардың алдын алуға, әскери қақтығыстардан зардап шеккен тұлғаларды, тұрғындарды, босқындарды азық-түлiкпен, дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етуге дайындап, осы жолда жиналған тәжiрибенi әскери қызметшiлердiң әскери дайындық бағдарламасына енгiзу», - дедi Талғат Мұхтаров.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның ұлттық контингенті Үкiмет бекiткен бiтiмгершiлiк операцияларына дайындық қағидаларына сәйкес оқытудан және даярлықтан өтедi. Заң жобасында ұлттық контингенттi әлеуметтiк қорғау шаралары, оның құқықтары мен мiндеттерi айқындалып отыр.