«Мәжіліс биылғы бюджетті «бүлдіруге кірісті» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
None

АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 15-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Сейсенбі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Украина астанасы - Киев қаласына ұшып келді. Халықаралық "Борисполь" әуежайында Қазақстан Президентін Украина Үкіметінің ресми адамдары қарсы алып, Украина Президентінің әкімшілігіне бастады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Жүздесулер жиілігі - жүйелі істер бастауы» деген мақаласында. Басылымның жазуынша, ұзаққа созылған кеңейтілген құрамдағы келіссөздер аяқталған соң екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі болды. Ұзын саны сегіз құжатқа қол қойылуы екіжақты қарым-қатынастардың қызу қарқынмен дамып келе жатқандығының айғағы болса керек. Қол қойылған құжаттар арасында Қазақстанмен Украина арасында 2010-2011 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспарына ("Жол картасы-3") қосымшалар мен өзгерістер енгізу туралы хаттама да болды. Оған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Украина Президенті В.Янукович қол қойды. Бұл құжат украин жағының бұрынғы жоспарға мәшине жасау, көлік, әскери-техникалық ынтымақтастық, агроөнеркәсіп салалары бойынша қосымша тармақтар енгізу жөніндегі ұсынысы бойынша әзірленген еді. Қазақстан Үкіметі мен Украина Министрлер кабинеті арасындағы екі жақта да дипломатиялық өкілдіктер үйін салуға жер бөлу туралы келісімге Қазақстан жағынан Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, Украина жағынан Сыртқы істер министрі К.Грищенко қол қойды. Айта кетерлігі, келісім бойынша аталған мақсат үшін Украина жағы Қазақстанға Киевтен 0,45 га, ал Қазақстан жағы Украинаға Астанадан 0,9 га жерді жалға беретін болады.

Кеше еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Өндіріс өркендесе, өңір де өрге басады» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. «Сапар Ақсу қаласы мен облыс орталығындағы өндіріс орындарында үдемелі жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысына арналды. Үкімет басшысы сонымен қатар күні кеше ғана өрт шалған орманды алқаптарды тікұшақпен аралап көрген соң, Жабағылы ауылына келіп, өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың отбасыларына көңіл айтты. Одан соң орман шаруашылықтарына қатысы бар ведомстволар мен Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары басшылығының қатысуымен кеңес өткізді», деп жазады басылым.

Үкімет басшысының өңірге жұмыс сапары жайында «Алаш айнасы», «Айқын», «Литер», «Казахстанская правда» газеттерінен де егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

Қазір Азия ойындары өтетін қос егіздің сыңарындай екі қа­ламызда, Астана мен Алматыда үлкен дайындық жұмыстары жү­ріп жатыр. Осы байрақты бәсекені ұйымдастыру дирекциясының мамандарының айтуынша, дайындық жұмыстары бітуге жақын қалды. Астана мен Алматыдағы спорт нысандары 95 пайызға жасалып, олардың кейбіреуінде қазірдің өзінде жарыстар өт­кізуге болады екен. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті "2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы" АҚ вице-президенті Серік Құлмырзаевпен арадағы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отыр. Екеуара әңгіме «Алауды алып жүру - біздің бастама» деген тақырыппен берілген.

***

«Семей халқының біразы бір тамшы суға зәру болып қалды. Қазір дүкен сөрелерінде бөтелкелеп сататын судың өзі тапшы. Су сұрап сансыраған ағайында есеп жоқ. Науқастардың қамын ойлап, шапқылаған ақ халаттылар, өлім мен өмір арасында жатқан ет жақындары үшін емханаларға бөтелкелеп су тасыған туыстар...», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Алаштың астанасы болған шаһардағы күрделі жайт басылымның бүгінгі нөміріндегі «Семейлік 50 ана үйлерінде босанады» деген тақырыппен басылған. Басылымның жазуынша, қаладағы №1 перинаталдық орталықтың басшылығы онда жатқан 50-ден астам босанатын аналарды арнайы көліктермен үйлеріне қайтарған. Өйткені перзентхана қорындағы су таусылып қалған. Ал су тапшылығынан болашақ ана мен баланың ағзасына инфекция түсіп, өмірлеріне қауіп төнуі мүмкін.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында филология ғылымының кандидаты, доцент, айтыс өнерін зерттеуші ғалым Қойлыбай Асанұлымен арадағы сұхбат «Айтыс нағыз пропаганда екенін коммунистер жақсы аңғарыпты» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіме барысында басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым «мені бүгінде бір мәселе қатты алаңдатады. Ол - тіліміздің тағдыры. Өйткенің өнер де, тарих та, мәдениет те, әдебиет те, баспасөз де тілге келіп тіреліп тұр. Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жариялағанымызбен,әлі күнге оның қолданыс аясы кеңеймей отыр», дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның сәрсенбілік санынан оқи аласыздар.

Осы басылымның жазуынша, аяқталуына небәрі үш ай қалған 2010 жылғы бюджетті қайта қарауға макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының өзгеруі негіз болғанға ұқсайды. Осы көрсеткіштерге сүйенген Үкіметтегі бюджетті «шемішкеше» шағатындар әрі-бері қағып-сілкіп, жыл соңына дейін 265,5 миллиард теңгені қайта бөлу керектігін есептеп шығыпты. Бұл жайында басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Мәжіліс биылғы бюджетті «бүлдіруге кірісті» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Кеше Мәжілісте бас қаржы құжатының таныстыру ишараты жасалғаннан кейін, депутаттар да білектерін сыбана түсіп, былтыр бекіткен бюджеттерін қайта «бүлдіріп» қайта бекітуге кірісті», деп жазады басылым.

***

«Алтын белгі» алып тұрып грантқа оқуға түсе алмадық». «Айқын» газетінің Астана бюросына келген хат дәл осылай басталады. Сара Кәгенқызы жолдаған хатқа сүйенсек, оның қызы Жұлдыз Жанахметова Бурабай ауданының Бурабай кентіндегі Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті биыл «Алтын белгімен» бітіріпті. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінде «Алтын белгіні» қорғауы үшін тиісті 90 баллды жинаса да мемлекеттік грантқа қабылданбай қалды», деп жазады басылым «116 «Алтын белгі» иегері мемлекеттік грантсыз қалды. Неге?» деген тақырыппен басылған мақаласында. Осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін Білім және ғылым министрлігіне хабарласқан «Айқын» газеті білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде көрсеткіштер бірдей болған жағдайда «Алтын белгі» иегерлеріне басымдық құқығы берілгенімен, оларға міндетті түрде білім беру грантын тағайындау қажеттілігі заңнамада қарастырылмаған деген жауап алыпты.

«Қарақшылар қайтадан қара көрсетті». «Айқын» газетінің сәрсенбілік нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада Алматыда ақша айырбастау пункттерінің клиенттеріне шабуыл жасаумен айналысатын жеті адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталғандығы жайында жазылған. «Қылмыстық топтың валюта ауыстыру орындарына келетін адамдарды аңдып жүріп тонауды кәсіпке айналдырғанына біраз уақыт болған сияқты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, олардың мойнында қарақшылық шабуылдан басқа, аса ауыр қылмыс - кісі өлімі де бар көрінеді. Осыдан бір ай бұрын, 12-тамызда жасалған соңғы шабуылдарының бірінде банда мүшелері қарсылық көрсеткен 36 жастағы кәсіпкерге оқ атқан. Ұйымдасқан қылмыстық топ Алматы облысындағы бірнеше ауданның тұрғындарынан құралған. Бұлардың барлығы бұрын қарақшылық, шабуыл, тонау, бопсалау әрекеттері үшін қылмыстық жауапқа тартылған», деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің дәстүрге айналған «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль көлігін бақылау басқармасының бастығы Болат Смағұловпен арадағы сұхбат «Жолаушы автобустарының 83 пайызы ескірген» деген тақырыппен берілген. Сұхбат барысында басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол «Тұрақты тасымалдаушы дегеніміз, автобустарын автовокзалдан аттандыратын тасымалдаушы мекемелер. Міне, осындай мекемелерге қарасты автобустардың 83 пайызының пайдалану мерзімі он жылдан асқан, яғни көпшілігі ескірген. Егер автобустың қарқынды пайдаланылатын көлік екенін ескерсек, онда жалпы автобус паркінің пайдалану мерзімінің он жылдан асып кетуі алаңдатарлық жағдай. Тұрақты тасымалдағы автобус жүргізушілерінің жұмыс кестесі, медициналық тексеруден өту талаптары сақталады. Соның арқасында бұл жөнінен қандай да бір мәселе туындап жатқан жоқ. Ал тұрақсыз тасымалдаудағы автобустардың техникалық жағдайы толық сенімді дей алмаймыз», депті. Сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның сәрсенбілік санын жіберіп алмаңыз.

***

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов ағымдағы жылы Қытайда өтіп жатқан «жазғы Давосқа» қатысты», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.Басылымның атап өтуінше, форумға үкіметтердің басшылары, Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі корпорацияларының өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысты. Қатысушылардың биылғы басқосуы «Орнықты даму арқылы өсу драйверлері» деген ұранмен өтті. Қ.Келімбетов экономиканы қалпына келтірудегі мемлекеттік институттың рольдері мен орнықты даму тетіктерін пайдалану арқылы болашақ экономикалық өсуіне арналған сессияда баяндама жасады. Кеше «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Бейжіңдегі өкілдігі кеңсесі ресми ашылды.

Соңғы жаңалықтар