Мәжіліс «Босқындар туралы» жобаны екінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Босқындар туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Енді құжат Парламент Сенатының қарауына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған Заң жобасы Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық алдында босқындарға қатысты өзіне белгілі бір міндеттемелер алуына байланысты әзірленген. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындар мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылған болатын. Онда бірқатар негізгі қағидаттар бекітілген. Атап айтқанда, бұлар елден шығарып жібермеу, босқын мәртебесін беру рәсіміне қол жеткізу, шешімдерге шағымдану және аппелляция мүмкіндіктері болып табылады. Сондықтан да заң жобасының әзірленуі елімізде босқындардың құқықтарын қорғауға жағдайлар жасамақ.
Құжаттың негізгі мақсаты шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға «пана» және «босқын» мәртебесін беру жөніндегі қатынастарды заң тұрғысынан реттеу және қамтамысыз ету болып табылады. Осы ретте заң жобасы Босқындар мәртебесі туралы конвенцияда айқындалған бірқатар халықаралық қағидаттарды сақтайды. Сонымен бірге, республикада ата-анасыз немесе өзге де заңды өкілдерінсіз жүрген босқын балалардың құқық қағидаттары қамтылып отыр. Сондай-ақ құжатта босқын мәртебесін берудің негізгі өлшемдері мен рәсімдері нақтыланып, пана іздеген немесе босқын мәртебесін алған адамдардың құқықтары мен міндеттері белгіленді.
Сонымен бірге, палата депутаттары жиын барысында аталған жобаға ілеспе құжат болып табылатын «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне босқындар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екінші оқылымда мақұлдады. Бұл заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Халықтың көші-қоны туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.