Мәжіліс бюджеттік жоспарлау бойынша уәкілетті органдар құзыретінің аражігін ажыратуға бағытталған жобаны екінші оқылымда мақұлдады

ТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар құзыретінің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс бюджеттік жоспарлау бойынша уәкілетті органдар құзыретінің аражігін ажыратуға бағытталған жобаны екінші оқылымда мақұлдады

Заң жобасы негізінен өткен жылдың 12 наурызындағы және ағымдағы жылғы 10-шы тамыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес қабылданған Экономикалық даму және сауда министрлігі және Қаржы министрлігі арасындағы өкілеттіктердің ара жігін ажыратуға бағытталған. Сонымен қатар құжат бюджеттің инвестицияларды жүзеге асыру рәсімдерін оңтайландыру нормаларын заңнамалық бекітуге байланысты кейбір заңнамалық актілерге түзету енгізуді көздейді. Заң жобасында аталғандармен қоса Қаржы министрлігі мен Экономикалық даму және сауда министрлігі арасындағы бюджеттік үдерістерге деген өкілеттіктерді де ажырату қарастырылған.

Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар 64 түзету енгізген болатын. Соған орай бюджет процесін жетілдіру мақсатында қабылданған түзетулердің енуіне байланысты құжаттың атауы өзгертілген.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.