Мәжіліс бюросы алдағы жалпы отырыстың күн тәртібін белгіледі
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжіліс бюросында алдағы аптада өтетін жалпы отырыста қаралатын мәселелер белгіленді.
Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Бюро ұсынысына сәйкес, палата қарауына «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңының жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымға шығарылады. Күн тәртібінің жобасына халықаралық шарттар мәселесі бойынша түзетулерді қарастыратын депутаттық заң жобасы да қосылған. Содан басқа, астық нарығын реттеу мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымға талқылауға ұсынылып отыр. Жалпы отырыстың күн тәртібіне қазақстан-қырғызстан үкіметаралық Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісімге қатысты ратификацияланатын заң жобасы да бар.
Осылармен қатар Палатаға салалық комитетке электр энергетикасы объектілерінің жұмысын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыруға қатысты заңнамалық түзетулерге қорытынды әзірлеу мезгілін нақтылау ұсынылды.