Мәжіліс Бюросы: Күн тәртібі нақтыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Онда депутаттар талқысына Македониямен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылып отыр.
Бұл келісімге 2012 жылы 2 шілдеде Македония Республикасы Президентінің біздің елімізге ресми сапары кезінде қол жеткізілген. Ол қос мемлекеттің инвестициялық ахуалын жақсартуға және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ жалпы отырыста ілеспелі құжатпен «Жайылымдар туралы» заң жобасы бойынша бейінді комитетке қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындау жөнінде қаулы қабылданбақ.
Аталған заң жобасы тікелей Мәжіліс депутаттары бастамашылығымен әзірленген. Онда еліміздің жайылымдық жерлерінде орын алып отырған олқылықтар ескеріліп, тиімді басқару тетіктері қарастырылады.