Мәжіліс Бюросы: Палата отырысының күн тәртібі анықталды
Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен алдағы аптада өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.
Депутаттардың талқысына бірқатар халықаралық құжаттарды бекітуді көздейтін заң жобалары ұсынылатын болды. Атап айтқанда, «Олимпиада рәмізін қорғау туралы Найроби шартын ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне ұсынылды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстанның Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық Аралды құтқару Қорының (ХАҚҚ) және оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасының талқыға салынуы қарастырылып отыр.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру мәселесі қаралады.
Бюро отырысында «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» және еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келісім комиссиясының ұсыныстары туралы және басқа да мәселелер қаралды.