Мәжіліс Бюросы палата отырысының күн тәртібін бекітті

Онда алдағы уақытта өтетін Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібі қаралды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Бюро шешіміне сәйкес, палатаның қарауына бірінші оқылымға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шығарылатын болды. Сонымен бірге депутаттар «2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да талқылайды. Күн тәртібіне Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Ауғанстаннан Қазақстанның аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісім шығарылады.
Бұдан бөлек, палата депутаттары Үкіметтің және Есеп комитетінің 2012 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептеріне қорытынды әзірленетін күнді нақтылайды.