Мәжіліс бюросында алдағы жалпы отырыста қаралатын күн тәртібінің жобасы нақтыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті бесінші шақырылымының төртінші сессиясы өз жұмысын бастады.

Мәжіліс бюросында алдағы жалпы отырыста қаралатын күн тәртібінің жобасы нақтыланды

Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігінде алғашқы Бюро отырысы өтті. Онда Палатаның алдағы жалпы отырысында қаралатын күн тәртібінің жобасы нақтыланды, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.

Депутаттар Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұсынған «Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасына ілеспе түзетулерімен қорытынды әзірлеу мезгілін нақтылайды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт» пен «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында және Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларына қатысты мәселелерді де алдағы жалпы отырыста қарайды.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұсынысымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына және де Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобалары бойынша қорытынды әзірлеу уақыты белгіленеді.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қорытынды әзірлеу мезгілін нақтылауды сұрады.

Сондай-ақ, Бюрода Бішкек қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның төртінші отырысының жұмысына қатысу туралы мәселе де қаралды.