Мәжіліс бюросында бюджеттік кодекстің жаңа жобасы талқыланды

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне бюджетті жоспарлау және оның атқарылу процесін жетілдірудің кейбір мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бірінші оқылымда қарауды ұсынды.
Әлеуметтік-мәдени даму, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеттерінің баяндамалары бойынша күн тәртібі жобасына әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша (бірінші оқылым), сонымен бірге, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша (екінші оқылым) тиісті өзгерістер енгізу ұсынылды.
Ал Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынысымен «Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері өкілдіктерінің қызметі мәселелері бойынша кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы депутаттар талқысына түседі.
Сонымен бірге, палата Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеудің уақытын белгілейтін болады.