Мәжіліс Бюросында дайын заң жобаларының талқыға шығарылатыны белгілі болды
АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - 20 мамыр күні ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Палата Бюросының отырысында алдағы аптада жалпы отырыста талқыға шығарылатын мәселелер сараланды.
Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бірнеше заң жобасын депутаттардың талқысына шығарылатынын хабарлады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерлерге Француз Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтау саласындағы бірыңғай реттеу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы», «Кеден одағы шеңберіндегі даулар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінуі және олар бойынша сот ісін жүргізу ерекшеліктері туралы шартты ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы» заң жобалары бар.
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті«Халықтың көші-қоны туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобаларын екінші оқылымда күн тәртібіне енгізуге дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Заңнама және сот-құқықтық реформа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқыға салуды ұсынып отыр.
Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.