Мәжіліс Бюросында Палата отырысының күн тәртібі айқындалды

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы Палата Бюросының отырысы өтті.

Мәжіліс Бюросында Палата отырысының күн тәртібі айқындалды
Онда алдағы аптада өтетін Палатаның жалпы отырысында депутаттардың талқысына шығарылатын заң жобалары айқындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Палатаның қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылауды ұсынды. Қаржы және бюджет комитеті кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын екінші оқылымда, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңға ұсынылған толықтыруларды талқыға салуды қажет деп тауып отыр.Жалпы отырыстың күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесi мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер енгізілетін болды.Сонымен қатар күн тәртібі жобасына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жалған кәсіпкерліктің жолын кесу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларымен жұмысты жалғастыру мәселелері енгізілді.Бюро отырысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасовтың аталған депутаттық топ құрамындағы өзгеріс туралы хабарламасы тыңдалды. Сол секілді Мәжіліс депутаттарының сәуірдің 3-і мен 6-сы аралығында Молдова Республикасы Парламенті депутаттарының сайлауына дайындық пен оны өткізу барысын бақылауға баратыны және бірқатар халықаралық шараларға қатысуы туралы мәселені қарады.