Мәжіліс Бюросында Палата отырысының күн тәртібі қалыптастырылды

АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен сәрсенбі күні өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.

Мәжіліс Бюросында Палата отырысының күн тәртібі қалыптастырылды

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұсынуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтарды ұстау негіздері мен тәртібін бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда депутаттардың талқысына шығарылады. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға түседі.

Бюро отырысында Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ипотекалық несие беру және қаржылық қызметтерде тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымға әзірлегенін мәлім етті.

Сонымен бірге Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уақыттары анықталатын болады. Оның ішінде «Құқық қорғау қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметі және сыныптық шен, әскери және арнаулы атақтар беру, әскери қызметшілердің және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерінің нысанды киім киіп жүру құқығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бар.

Еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне бюджет үдерісінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар кұзыретінің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде мәселе қаралады.