Мәжіліс Бюросында Палата отырысының күн тәртібі қаралды

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен сәрсенбі күні өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.

Мәжіліс Бюросында Палата отырысының күн тәртібі қаралды

Депутаттардың талқысына халықаралық маңызға ие заң жобасы ұсынылатын болды. Атап айтқанда, «Еуропа мәдени конвенциясын ратификациялау туралы»заң жобасы Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне шығарылады.

Сонымен бірге Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уақыттары анықталатын болады. Оның ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бар.

Сол секілді Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Ғылым туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті«Атом энергиясын пайдалану туралы»,«Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы»заң жобаларымен жұмысты жалғастыру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл мәселелер де Мәжілістің жалпы отырысында қаралатын болды.