Мәжіліс бюросында палатаның заң шығарушылық қызметтегі басымдықты бағыттары талқыланды
АСТАНА, 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен Палата бюросының отырысында депутаттарға Мемлекет басшысы тапсырған заң шығарушылық қызметтегі басым бағыттар талқыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспас өз қызметі.
Салалық комитеттердің баяндамалары бойынша жаңа міндеттерге сәйкес есепке ала отырып, депутаттардың алдағы жалпы отырысының күн тәртібінің жобасы жасақталды. Онда Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынысымен парламентшілердің қарауына бір топ «ратификацияланатын» заң жобалары енгізілетін болады.
Бұл топқа: «Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартты ратификациялау туралы» заңдардың жобасы жатады.
Сонымен қатар Палата осы отырыста Әлеуметтік-мәдени даму комитетінен түскен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» Заң жобасы талқылау көзделіп отыр.
Парламентшілер Мәжіліс қоржынына түскен қорытынды әзірленуге тиісті жаңа заң жобаларын да қарастыратын болады. Олар: «Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенцияны ратификациялау туралы» және «Отбасылық міндеттемелері бар ер және әйел еңбекшілерге тең қарау және тең мүмкіндіктер беру туралы 156-конвенцияны ратификациялау туралы» Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінен ұсынылып отырған заң жобалары.
Осылармен қоса жалпы отырыста депутаттар «Бір тараптан Қазақстан Республикасы және екінші тараптан Еуропалық Қоғамдастықтар мен оларға мүше мемлекеттер арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге Тоқыма саудасы жөніндегі екі жақты келісімнің қолданылу мерзімінің аяқталуын ескере отырып, тоқымамен екі жақты саудаға Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім ережелерінің қолданылуын таратуға қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде мәселені шешетін болады. Аталған заң жобасымен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті айналысады.