14:52, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Мәжіліс Бюросында Палатаның жалпы отырысының күн тәртібі айқындалды
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы өтті.
Онда салалық комитеттердің ұсыныстары бойынша жалпы отырыста депутаттардың талқысына шығарылатын заң жобалары негізінде күн тәртібі айқындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Палатаның жалпы отырысында «Тауар биржалары туралы» және осы заң жобасына қатысты заңдарға қарастырылған түзетулер бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары қаралатын болды. Күн тәртібіне «Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы континентаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты келiсiмге Түзетуді ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылды. Экологиялық кодекске экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы екінші оқылымда талқыға шығарылмақ. Бюро отырысында ұйымдастыру шаралары қарастырылды. Атап айтқанда, «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық парламенттік конференцияны өткізуге қатысты, сондай-ақ Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі делегацияларының халықаралық парламенттік ұйымдардағы құрамы туралы мәселе қаралды.