Мәжіліс бюросында соттардың құзыреті қайта қаралды
Депутаттардың талқылауына «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымға шығарылады.
Күн тәртібінің жобасына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасы ілеспе түзетулерімен екінші оқылымға қосылып отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлайды.
Салалық комитеттің баяндауынша, Кодекс жобасы әкімшілік заңнаманы елеулі түрде реформалауға, әкімшілік-құқықтық деликтерді нақты айқындауға, мемлекеттік органдардың әкімшілік жазаларды қолдану жөніндегі өкілеттіктерін айқындауға бағытталған.
Кодекс жобасына сәйкес әкімшілік заңнама ізгілендіру, соттарға түсетін жүктемені азайту жолымен реформаланады. Осыған байланысты соттардың және әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдардың (лауазымды адамдардың) құзыреті қайта қаралды.
Енді депутаттар екі ратификацияланатын заң жобасына - есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын Кеден одағының кеден аумағы арқылы өткізу тәртібі туралы Келісім және 2010 жылғы 9 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қорытынды әзірлеу мезгілін нақтылайтын болады.