Мәжіліс Бюросында заң жобалары қаралды

АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы Палата Бюросының отырысы өтті,

Мәжіліс Бюросында заң жобалары қаралды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің баяндауы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жекелеген нормалары бойынша қарсылықтары жөніндегі мәселені Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне енгізу туралы мәселе шешімін тапты.Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Палатаның қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарауды ұсынды.Сондай-ақ «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралық және өзге де ведомстволарының сыртқы шекараларда дағдарыстық жағдай туындаған кезде және оны реттеуде (жоюда) көмек көрсетуде өзара іс-қимылды ұйымдастыруы жөніндегі ережені бекіту туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер де күн тәртібіне енгізілмек. Бұл жөнінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мәлімет берді.Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасын бірінші оқылымда талқылауды ұсынды. Сонымен қатар жалпы отырыста Қазақстан мен Словак үкіметтері арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы талқыға салынады. Ал еліміздің кейбір заңдарына балалардың қадағалаусыз қалуының профилактикасы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша толықтырулар енгізуді қарастыратын заң жобасын екінші оқылымда қарау ұсынылды.Бюро отырысында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішевтің «2000-2008 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының Парламенті ратификациялаған халықаралық қаржы институттарымен шарттар бойынша Қазақстан Үкіметі тартқан қарыз қаражаттарын нысаналы әрі тиімді пайдалану туралы» хабарламасын тыңдау жөнінде мәселе қаралды.Бүгінгі Палатаның Бюро отырысында депутаттардың жұмыс сапарымен Чех Республикасына баруы туралы мәселе қозғалды.