Мәжіліс бюросында жалпы отырыста қаралатын мәселелер белгіленді
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжіліс Бюросында жалпы отырыста қаралатын мәселелер белгіленді.
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады. Палата қарауына Қылмыстық кодекстің жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымға шығарылады. Салалық комитет Бюроға баяндау барысында Қылмыстық кодекс жобасының жаңа редакциясы Қазақстан Республикасының Президентінің 2012 жылғы 6 қаңтардағы тапсырмасына орай, 2010-2020 жылдарға жасалған саяси құқықтық Тұжырымдамасының ережелері және де мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін жүзеге асыру қажеттігін ескере отырып жасалғанын атап өтті. Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы Келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы да қосылды. Осылармен қатар Палатаға ратификацияланатын екі заң жобасына: «Жалақыны қорғау туралы (95-конвенция) және ең төменгі жалақыны белгілеу рәсімін жасау туралы (26-конвенция) қорытынды әзірлеу мезгілін нақтылау ұсынылды.