Мәжіліс бюросында жалпы отырыстың күн тәртібін нақтылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтіп, жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметінен.
Депутаттар назарына «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы ілеспелі түзетулермен бірінші оқылымда ұсынылып отыр.
Осы күні мәжілісмендер меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қарамақ.
Сонымен қатар, күн тәртібі жобасында Болгария және Румыния елдерімен адамдарды ұстап беру туралы шарттарды, сондай-ақ, Румыниямен сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялауға қатысты заң жобалары қамтылған.
Жалпы отырыста Мәжіліс сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңға және конституциялық заңдарға азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістерге қатысты заң жобалары мен Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы, Ресеймен Байқоңыр қаласының білім беру ұйымдарын беру туралы келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларына байланысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындамақ.