Мәжіліс Бюросында жалпы отырыстың мәселелері айқындалды
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Бюроның отырысы өтті, онда жалпы отырыстың мәселелері айқындалды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.
Депутаттардың қарауына азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін жасауға қатысты заңнамалық түзетулер екінші оқылымға шығарылады.
Сонымен қатар Палатаға жаңа заң жобаларының топтамасы бойынша қорытындылар әзірлеу мерзімдерін белгілеу ұсынылды. Олар түзетулер енгізілген ілеспе заң жобасымен қоса «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске енгізілетін жаңашылдықтар болып табылады.
Депутаттардың «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыруға және төрелік және аралық сот қызметін жетілдіруге қатысты түзетулер бойынша палатааралық келісім комиссиясының ұсыныстарына қатысты мәселені айқындауы қажет.