Мәжіліс Бюросының алғашқы отырысы өтті
ТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен жаңа сессиядағы Палата Бюросының алғашқы отырысы өтті.
Бюро отырысындаҚазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясының ашылуындағы Мемлекет басшысы Н. Назарбаев айқындап берген міндеттерді жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланды.
Бюрода Мәжілістің алғашқы жалпы отырысының күн тәртібіне енгізілетін заң жобалары туралы сөз болды. Палата депутаттары Үкіметтен Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселелерін қарайды.
Атап айтқанда, «2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу міндеті Қаржы және бюдет комитетіне жүктелмекші.
Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті де бірнеше жаңа заң жобасы депутаттардың назарына ұсынылатынын хабарлады.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» заңға түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасына қорытынды әзірлеу мерзімін белгілеу жөнінде, сонымен қатар «Мүдделік қолдау қызметі туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру мәселелерін қарауды ұсынып отыр.
Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.