Мәжіліс Бюросының отырысы болып өтті

АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы өтті.

Мәжіліс Бюросының отырысы болып өтті
Онда заң жобаларының дайындығы туралы салалық комитеттердің ұсыныстары тыңдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұсынысы бойынша «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің жобасын бірінші оқылымда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің және соған сәйкес заңдарға енгізілетін түзетулерді қарастыратын заң жобасын екінші оқылымда талқыға салу мәселесі қаралды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мәліметі бойынша ақпараттық-коммуникациялық желілерге қатысты заң жобасы екінші оқылымға дайын болды. Бюро отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Сонымен қатар Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі сөз болды.