Мәжіліс Бюросының отырысында бірқатар заң жобаларының дайындығы сөз болды
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы Палата Бюросының отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бюро мүшелері Палатаның салалық комитеттерінің ұсыныстары бойынша талқыға шығарылатын заң жобаларын айқындады. Атап айтқанда, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» және «Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттердің юрисдикциялық иммунитеттері және олардың меншігі туралы конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобалары Палатаның талқысына шығарылатыны мәлім болды. Палата отырысында Кеден ісіне қатысты заң жоба бірінші оқылымда талқыға түседі.Еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне балық шаруашылығы, білікті заң көмегін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттің және оның меншігінің иммунитеті, аралық соттар және халықаралық коммерциялық төрелік қызметін жетілдіруге қатысты, сол секілді міндетті және өзара сақтандыру, нотариат мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобалары екінші оқылымда талқыға шығарылатыны сөз болды.
Бюро отырысында Мәжіліс жанындағы Қоғамдық Палатаның екінші парламенттік сессия барысындағы қызметі жайлы ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың хабарламасы тыңдалды. Заң шығарушылық қызметпен қатар Бюро отырысында Еуропалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық парламенттік конференциясының және Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі отырысының жұмысына (Киев қаласы, Украина, 2009 жылғы шілденің 13-і) Мәжілістің қатысу туралы мәселе де қаралды.