Мәжіліс Бюросының отырысында заң жобаларының дайындығы пысықталды

Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда депутаттардың талқысына шығарылатынын хабарлады.
Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар кұзыретінің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылауға ұсынып отыр. Сондай-ақ «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да талқыға салынады.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізуді ұсынды.
Үкіметтен Мәжіліске келіп түскен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» жаңа заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралатын болды.
Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.