Мәжіліс Бюросының отырысында заң жобаларының дайындығы сөз болды
АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен Палатаның отырысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқыға шығару жөніндегі мәселе қаралды.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларымен жұмыс істеу одан әрі жалғасатын болды.
Сол секілді Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде ұсыныс жасады.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралық ынтымақтастығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті жүктелетін болады.