Мәжіліс депутат Р. Склярдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Роман Склярдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Еске сала кетейік, жақында ғана Роман Скляр ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалған еді.
Роман Скляр Павлодар монтаж техникумын, Павлодар мемлекеттік университетін, Мәскеу қазіргі заман бизнес институтын, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Ол әр жылдары Павлодар қаласы мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы, аппарат басшысы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, Астана қаласындағы энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры, Павлодар облысы әкімнің орынбасары, бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар вице-министрі, «Қазақстан Темір жолы» ҰҚ» АҚ вице-президенті қызметтерін атқарған.
2016 жылғы наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы болып қызмет етіп келді.