Мәжіліс депутаттары 2010 жылғы мерзімді баспасөзге жазылды

АСТАНА. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары 2010 жылғы баспасөзге жазылды.
None
None

Еліміздің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдерінің өтініштеріне орай қараша айының басында Мәжілістің Баспасөз қызметі бастама көтеріп, депутаттарға мерзімді баспасөзге жазылу жөнінде өтініш жасаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда Баспасөз қызметі: «Мемлекеттік тіл тек Қазақстанда ғана өз деңгейінде өркендей алатыны анық. Ал мемлекеттік тілде шығатын басылымдар да тек елімізде ғана оқырмандардан қолдау таба алады. ҚР Парламенті Мәжілісінің заң шығару қызметін тұрақты насихаттап келе жатқан ұлттық басылымдар бар. Атап айтқанда, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Заң газеті», «Президент және Халық» «Жас қазақ», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Алаш айнасы», «Дала мен қала», «Қазақстан-zaman» газеттері мен «Жұлдыз», «Жалын», «Парасат», «Қазақстан әйелдері», «Денсаулық», «Тіл», «Қазақ альманағы» және басқа журналдар парламентшілердің даусын халыққа жеткізіп отыр»,- дей келіп, осы басылымдарға және басқа да өздері қалаған газет-журналдарға жазылуларын өтінген еді.

Осы бастаманы қолдап және өздерінің жылдағы дәстүрлері бойынша бірқатар депутаттар 2010 жылға көптеген газет-журналдарға жазылып қойғандығын мәлім етті. Соның бірі - Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметов.

«Жас кезімізден газет-журнал оқып өскендік пе, баспасөзге тұрақты түрде жазылып отырамын. Ширек ғасыр болды «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын алдырамын. «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Астана ақшамы», «Дала мен қала», «Алаш айнасы» газеттеріне жазылдым. Жұбайым «Парасат», «Қазақстан әйелдері» журналдарын алдырып оқып тұрады, келесі жылға «Жұлдыздар отбасына» да жазылды. Жалпы, менің өмірден түйінім, газет-журналды, кітапты оқыған адамның рухани көзі ашыла түседі»,- дейді Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметов.

Соңғы жаңалықтар