Мәжіліс депутаттары 400-ден астам жас қарағайлар отырғызды
АСТАНА. Қыркүйектің 26-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған Парламент Мәжілісінің депутаттары астаналық әуежай жолының жағалауына 400-ден астам жас қарағайлар отырғызды.
Жалпықалалық сенбілікке парламентшілермен бірге Мәжілістің Аппарат қызметкерлері де шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін мизам шуағы төгіліп тұрды. Қоңыр күздің жаймашуақ ауа райы сенбілікке қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Бірлесіп атқарған істің басында Бағила Баймағамбетова, Наталья Геллерт, Татьяна Яковлева, Раиса Полищук, Светлана Ферхо және Зағипа Бәлиева, Гүлнар Сейітмағанбетова, Ольга Киколенко сынды әйел депутаттар да ағаш егу жұмысына белсене қатысты.
Сенбілікке қатысушылар астаналық екпеде өсірілген жас қарағайларды жаңа орынға отырғызғаннан кейін түптерін тегістеп, сумен суарды.