Мәжіліс депутаттары әлеуметтік нысандардың уақытында тапсырылуын бақылауда ұстау қажеттігін айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары – «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшелері Мәди Елубаев пен Юлия Кучинская Ақмола облысының Қосшы қаласында барып, оның алдағы әлеуметтік-экномикалық дамуымен танысты. Шаһардағы құрылыс қарқынын бағамдап, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Депутаттар ең алдымен «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру мониторингі шеңберінде Қосшы қаласында салынып жатқан 1200 орынға шақталған мектептің құрылыс барысымен танысты.
Құрылысы 2019 жылы басталған мектеп өз мерзімінен жарты жылға жуық уақыт кешіктіріліп тапсырылмақ. Себебі, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан жобалық-сметалық құжатты қайта түзету қажет болды. Уақыт оздырып алған мердігер енді мектепті наурыздың аяғында пайдалануға бермек. Бүгінде мектепке ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Фракция депутаттарының айтуынша, құрылыс материалдарының қымбаттау мәселесі өте өзекті. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемдік нарықта да орын алады, бұл сыртқы экономикалық себептерге байланысты.
Бүгінде Қосшы қаласында 3 бірдей мектептің құрылысы жүруде. Әрқайсысы 1200 орындық. Оның екеуі биыл тапсырылады деп жоспарланса, 3-мектеп 2023 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сөйтіп, 3600 орындықтық 3 мектептің пайдалануға берілуі 3 ауысымда білім беретін нысандардың проблемасын толыққанды шешуге ықпал етпек.
Халық қалаулылары бір ауысымда 100 келушіні қабылдауға қауқарлы жаңа емхананың құрылысымен танысып, объектілерді уақытында тапсырылуын бақылауда ұстау қажеттігін алға тартты.
Мәжілісмендер жергілікті тұрғындармен кездесу мақсатында Қосшы қаласының проблемалық мәселелері бар шағынаудандардың тұрғындарымен кездесті. «Diamond park» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйлерін заңдастыру мәселесін көтерді. Айта кетейік, аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйдің құжаттарын қолдарына ала алмай отыр. Құрылыс компаниясы мен жер иесінің өзара келіспеушілігінің салдарынан, қарапайым тұрғындар зардап шегуде.
Қосшы тұрғындары сондай-ақ, үздігіп берілетін ауыз су мәселесін көтерді. Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесінің тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Нижне-Романовка кен орнынан Қосшы қаласына дейін су тарту құрылыстары мен су тартқыштың құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ Қаражар ауылының сорғы станциясынан Қосшы қаласына дейін су тартқыштың құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Демек, жыл соңына дейін қосшылықтарға су үздіксіз берілетін болады деп күтіледі.