Мәжіліс депутаттары Алматы облысындағы мектеп құрылысын жеделдетуді ескертті

Елді мекендегі білім ордасының 300 орынға арналған қосалқы ғимараты «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына ұлттық қордан 710 млн теңге бөлініп отыр. Мердігер кәсіпорын «Құрылысшы» ЖШС басшысы Санжар Сраиловтың мәліметінше, жұмыстар 2016 жылдың маусым айында басталған. Қазіргі таңда олардың 70 пайызы орындалған. Құрылысшылар нысанды 25 тамызға дейін өткізуді жоспарлап отыр. Мектептің барлық ғимараттарымен толық танысқан халық қалаулылары жұмысты жеделдету қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, мемлекет қаржысына салынып жатқан нысанның сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
Сапар барысында Мәжіліс депутаттары Еңбекшіқазақ ауданының активімен кездесті. Жиын барысында Қуаныш Сұлтанов пен Зағипа Балиева Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылап, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тоқталды.