Мәжіліс депутаттары Алматыдағы бірқатар инновациялық кәсіпорындарда болды

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Алматы қаласындағы бірқатар инновациялық кәсіпорынды аралап шықты, деп хабарлайды Pm.kz сайты.

Мәжіліс депутаттары Алматыдағы бірқатар инновациялық кәсіпорындарда болды

Депутаттар Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық технологиялық университетінің технопаркінде «Тараз-процесс II» жобасымен танысты, сондай-ақ Алматы желдеткіш зауытын, «Мембранды технологиялар» ЖШС-ін аралап, тағы бірқатар инновациялық жобалармен танысты»,- делінген «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мәселен, «Тараз-процесс II» жобасы болат металды үздіксіз балқытудың жоғары технологиясын жасауға бағытталған. Технопарк әзірлеген технология руда шикізатынан бастап ақырғы өнім - болатты балқытуға дейінгі тізбектің үздіксіз процесін қамтамасыз ететін болады және бөлімшелердің арасындағы көлік шығынына жол бермейді, материал шығынын - 90 пайызға, - энергия шығынын - 40 пайызға азайтады.

Ал «Мембранды технологиялар» ЖШС мембранды технологиялар қолдана отырып, су тазартқыш қондырғылар жасап шығарады. Жаңа технологиялар Алматы желдеткіш зауытында да енгізіліп жатыр. Қазақстандағы азаматтық және өндірістік құрылыс саласының қажеттілігінің 70 пайызын осы зауыт қамтамасыз етіп отырғанын айта кету керек.

«Сонымен қатар, депутаттар Минералды шикізатты кешенді қайта өндеу ұлттық орталығында болды. Онда аса сирек кездесетін металл түрлерін алу қондырғыларының ілкі жобалары мәжілісмендер назарына ұсынылды», - делінген хабарламада.

Бұдан кейін «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аумағында депуттарға тағы бірнеше жоба таныстырылды. Олар: «КП Delta IT» ЖШС (арнайы байланыс құралдарын өндіруші), «Kazakhstan Computer Grahics» ЖШС (компьютерлік графика), «Alpha Networks» ЖШС (телекоммуникациялық құралдарын өндіруші), «Doc Co LTD» ЖШС (лазерлік принтерге катрдиждер өндіруші).

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аумағында сонымен қатар, Мәжілістің экономикалық реформалар мен аймақтық даму комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда жоғары технологиялық жобаларды дамыту, бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру мәселелері талқыланды.