Мәжіліс депутаттары бастамашы болған заң жобасына Үкімет қорытындысын берді
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді көздейтін заң жобасына Үкімет қорытындысын берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл заң жобасына депутаттар Николай Турецкий, Жақып Асанов және Светлана Бычкова бастамашы болды. Үкімет қорытындысында: «Заң жобасында барлық нормативтік құқықтық актілердің жобаларына (Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын қоспағанда) міндетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге бағытталған нормалар көзделген»,- деп жазылған. Үкімет заңға тәуелді барлық нормативтік құқықтық актілердің жобаларына міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге тиіс деген сөйлеммен толықтыруды ұсынған. «Сонымен қатар міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізілетін заңға тәуелді актілердің қатарынан Президент Әкімшілігі әзірлейтін Мемлекет басшысы жарлықтарының жобаларын алып тастауды орынды деп пайымдаймыз. Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды қажет етеді, осыған орай бұл мәселе осы жылдың 20 наурызында Республикалық бюджет комиссиясының (РБК) қарауына енгізілді. Бұдан басқа, РБК-ның ағымдағы жылдың наурыздың 20-сындағы отырысында 2010 жылдан бастап Мемлекет басшысы және Үкіметтің актілері жобаларына, ал 2011 жылдан бастап орталық және жергілікті мемлекеттік органдар актілерінің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сараптамасын жүргізуге қаражат бөлу мақұлданды, бұл қаражаттың мөлшері тиісті қаржы жылына республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланады.Атап көрсетілген ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып пысықталған заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі сессиясының қарауына енгізуді мүмкін деп пайымдаймыз»,- делінген Үкімет берген қорытынды жазбада.