Мәжіліс депутаттары білікті заң көмегін қамтамасыз етуге қатысты заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді талқыға салмақ
АСТАНА. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ - Сенат білікті заң көмегін қамтамасыз етуге қатысты заң жобасына барлығы 27 түзету енгізген. Алайда, оның басым бөлігі жуырда қабылданған заңдарға байланысты жарияланым көздерін нақтылауға байланысты болып отыр.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне білікті заң көмегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер бойынша осындай түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенат күдіктінің, айыпталушының, қорғаушының, жәбірленушінің қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтініш беру құқығын толықтырған. Соған байланысты еліміздің Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 68, 69, 74 және 75-баптарына толықтырулар енгізіледі. Сенат басқа да түзетулер енгізген. Бірқатар өзгерістер заң жобасын жетілдіруге бағытталған.
Айта кету керек, бұл заң жобасы азаматтардың білікті заң көмегін алуға құқығы жария етілген Қазақстан Конституциясының 13-бабын іске асыруға бағытталған және аталған заңнаманы жетілдіру мақсатын көздейді.
Енді аталған заң жобасына Сенат енгізген түзетулер қарашаның 11-і күні Палатаның жалпы отырысында талқыға түседі. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Сенат енгізген өзгерістермен келісуге болатынын мәлімдеген.