16:32, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаттары бір күндік жалақысын «Абай» қорына аударатын болды
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мәжіліс депутаттары бір күндік жалақысын «Абай» қорына аударатын болды.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Сәт Тоқпақбаевтың көтерген мәселесіне орай, халық қалаулылары осындай шешімге келді , деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің атыма «Абай» қорының президенті, Абайдың жиені, Семей қаласының және Абай ауданының құрметті азаматы Балтабек Ерсәлімұлынан хат келді. Абай қазақ ұлтының рухани шамшырағы. Абай шығармалары дүниежүзілік игілікке айналды, көптеген халықтар ұлы бабамыздың шығармашылығымен рухани сусындап, нәр алып жатқан мәңгілік мұра. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі - ұлы Абайдың аруағына басымды идім» деп айтуы, рух кемеңгеріне деген асқан сүйіспеншіліктің шынайы да жарқын белгісі. Бұл салиқалы тұжырымның ұлтын, ел тарихын сүйген әр азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейтіндігіне еш күмән жоқ. «Абай» қоры 2009 жылы ұлы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағының жарық көруіне 100 жыл толуына орай, биылғы жылы да игі істерді жалғастыруды абыройлы міндет санап отыр», деді депутат. Бірақ, депутаттың айтуына қарағанда, бүгінгі күні бастан өткеріп отырған қаржылық қиыншылықтар мұндай игі шараларды атқаруға қолбайлау болып отырған көрінеді. Осыған байланысты С. Тоқпақбаев халық қалаулыларының бір күндік жалақысын «Абай» қорына аударуды сұрады.
Депутаттың көтерген мәселесі әріптестері тарапынан қолдау тапты.