Мәжіліс депутаттары бұрынғы әріптесі Василий Осиповты еске алды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен жылы дүниеден озған белгілі парламентшінің туғанына биыл желтоқсан айында 70 жыл толды. Депутат-әріптестері қоғам қайраткері туралы очерктер мен мақалалар жазды. Атап айтқанда, В.Осиповтың азаматтық және қайраткерлік қызметі, адамгершілік қасиеті туралы «Егемен Қазақстан» газетінде «Есімі елдің есінде» айдарымен «Жаны қазақ жан еді» деген және «Казахстанская правда» газетінде «Ол жақсылық жасауға асықты» атты материал жарық көрді.
Мәжіліс үйінде Мәжіліс Төрағасы және Палата жетекшісінің орынбасарлары мен депутаттардың қатысуымен Василий Иванович Осиповтың құрметіне еске алу кеші өтті. Бұл кешке В.Осиповтың зайыбы Валентина Петровна, үш ұлы мен қызы шақырылды.
Палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов Қазақстанның демократиялық қалыптасуы жолында белсенді қызмет атқарған, Отанымыздың шынайы патриоты болған В.Осипов жайлы айта келіп, оның елге сіңірген еңбегі әрдайым құрметпен еске алынатынын жеткізді. Осы кешке қатысқан бірінші және кейінгі шақырылым депутаттары да Василий Ивановичтің елімізге сыйлы азамат болғанын, мемлекеттік қызметте 50 жылдан астам абыройлы қызмет атқарғанын, Қазақстан парламентаризмінің дамуына қосқан үлесін ерекше айтты. Ол мемлекеттік тілді жетік білетіндігімен ерекшеленген жан еді. Осы қыры да сол кеште жиі еске алынды.
Василий Осипов елімізге сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған еді.