Мәжіліс депутаттары цифрлық теңсіздікті жою бойынша қабылданып жатқан шаралармен хабардар болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпараттық теңсіздікті жою мәселелеріне арналған көшпелі отырыс барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақтелеком» АҚ-ның Show-om-дарына, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып қайтты.
None
None

Депутаттарға телекоммуникациялық және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер ұсыну, сондай-ақ компьютерлік сауаттылықты арттыру бөлігінде қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті төмендету бойынша қабылданған жатқан шаралар туралы айтылды.

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев атап өткендей, «бүгінде елді мекендер CDMA/EVDO технологиясы бойынша интернетке қол жеткізе алады. Аталмыш технология бойынша ең жоғары жылдамдық 3,1 Мбит/с құрайды. Біз «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, елді мекендерде талшықты-оптикалық желі байланыстары арқылы кеңжолақты қолжетімділіктің инфрақұрылымын салу жөніндегі жобаны әзірлеуді бастаймыз, оның мақсаты заманауи байланыс қызметтерін ендіру деңгейін арттыру болып табылады».

«Қазақтелеком» АҚ төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, жобаны іске асыру экономикалық жағынан да, сол сияқты әлеуметтік көзқарас тұрғысынан да маңызды болып табылады. «Жаңа буын байланысының инфрақұрылымын салудың арқасында мектептердің, емханалардың, пошта бөлімшелерінің, түрлі мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың жоғары жылдамдықты интернетке қосылуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр».

Халыққа қызмет көрсету орталығында депутаттарға халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру құралдарының бірі болып табылатын «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының жұмысы көрсетілді, бұл жерде кеңесшілер азаматтарды электрондық үкімет порталы арқылы өздігінен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алуға үйретеді. Осындай алаңдар бүгінгі күні еліміздің барлық ХҚКО-ларында ашылды.

ҚР ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Сәкен Сәрсенов депутаттарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған қабылданған шаралар туралы айтып берді.

Атап айтсақ, отырыс қатысушыларына шалғай елді мекендерге сапарға шығып, халыққа мемлекеттік қызметтер көрсететін «мобильдік ХҚКО» көрсетілді.

«Бүгінде бізде осындай 70 мобильдік ХҚКО бар. Жылдың басынан олар 10 мыңнан астам сапарға шығып, 300 мыңдай қызмет көрсетті. Бұрын елді мекендердің тұрғындары мекенжай анықтамасын алу үшін аудандық ХҚКО-ға жүз шақырымдық жерге баруға мәжбүр еді. Қазір мұндай қажеттілік жоқ, себебі «ХҚКО» ауылға өзі «келеді», - деп хабарлады Сәрсенов.

Сондай-ақ, депутаттарға «мобильдік үкімет» жобасын іске асырудың басталғандығы туралы айтылды, тестілік режімде SMS арқылы мекенжай анықтамасын алу үдерісі көрсетілді.

Келесі жылы ұялы телефон арқылы, оның ішінде SMS арқылы алуға болатын 50-ден астам мобильдік қызметтер мен сервистерді іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар