Мәжіліс депутаттары екі апта бойы шекара жұмысымен танысады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің төрт депутаты Алматы облысындағы шекара бекетіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс депутаттары екі апта бойы шекара жұмысымен танысады

Атап айтқанда, Олжас Құспеков, Максим Рожин, Болат Керімбек және Самат Нұртаза екі апта бойы шекарашылардың жұмыс жағдайымен танысады. Шекараға бару бастамасын «Respublica» партиясы көтерген.

Онда жүргізілген зерттеу мен талдау шекаралық қауіпсіздік пен жұмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамалар мен шараларды әзірлеуге негіз болады.

Қазіргі уақытта барлық депутаттар шекара аймағында, тауда жаттығу лагерінде дайындықтан өтіп жатыр. Кейін депутаттар шекара қорғаушыларының қызметі мен қажеттіліктерін толық түсіну үшін шекара бекетінде жұмысын жалғастыруға ниетті. Зерттеу аяқталған соң олар өз ұсыныстарын Мәжіліс отырысына ұсынуды жоспарлап отыр.

«Біздің жұмысымыз тек заң айналасында ғана емес, нақты әрекеттер де бар. Мұнда біз бірнеше апта бойы шекарашылармен бірге дайындықтан өтіп, олардың жұмыс жағдайларын зерттеп, оларға ел қорғауда жағдай жасау үшін қажет жағдайда ұсыныстар енгізетін боламыз. Мұндай тәжірибе біздің қорғаушыларымыздың шекара шебінде кездесетін қиындықтарын түсінуге, сол бағытта жұмыс істеуге көмектеседі», - деп түсіндірді депутат Олжас Құспеков.

Депутаттардың бұл бастамасы олардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген қызығушылығын және шекарашылардың қызмет ету жағдайларын жақсарту үшін нақты қадамдар жасауға дайын екенін көрсетеді.