12:21, 07 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаттары екінші сессия барысында 86 заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. Ақпанның 7-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымының ІІ-сессия барысында, яғни, 2008 жылғы қыркүйектің 2-сінен 2009 жылғы ақпанның 2-сі аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 106 заң жобасы келіп түскен.

Оның ішінде 101-і ? Үкіметтен, біреуі Президенттен келген болса, төртеуіне Парламент депутаттары бастамашы болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұдан басқа Палатаның заңнама қоржынында алдыңғы сессияның қарауынан өткен 66 заң жобасы және бар. Оның екеуіне ? Президент, 54-іне ? Үкімет, онына депутаттар бастамашы болған. Екінші сессия барысында Мәжіліс депутаттары 86 заң жобасын мақұлдады және Парламент Сенатына жіберді. Сенат қабылдап, ел Президенті қол қойғаннан кейін 54 заң жобасы заң күшіне енді және олар Қазақстан Республикасының заңнама базасын толықтырды. Қабылданған заңдардың ішінде бизнес пен өндірісті дамытуға мол мүмкіндіктер ашатын жаңа Салық және Бюджет кодекстерін, «Бәсекелестік туралы», қаржы жүйесінің тұрақтылығы туралы, «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заң жобаларын атап өтуге болады.