Мәжіліс депутаттары электр энергетикасы нысандарының жұмысына қатысты заң жобасымен танысты
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы объектілерінің жұмысын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.
Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиевтің айтуынша, Елбасының тапсырмасымен әзірленген заң жобасы мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған. «Бүгінгі таңда еліміздегі энергетика нысандарында тексеру нәтижелері бойынша берілетін нұсқаманы орындау әкімшілік айыппұлмен қамтамасыз етіледі. Сондықтан да, бақылаудың қолданыстағы функциясы жеткілікті түрде тиімді емес», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған вице-министр. Оның айтуынша, заң жобасымен энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңге дайындалу және өткізу қағидалары қамтамасыз етіледі. «1000 вольтке дейінгі және 1000 вольттен жоғары электр желілері және жылу желілері объектілерінің күзет аймақтарын, осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу ұсынылады», - дейді Б. Жақсалиев. Бұдан бөлек, заң жобасымен электр желілерінің күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуге арналған әзірлік паспорттарының талаптары бұзылғанда, пайдаланылатын отын қорының нормалары бұзылғанда әкімшілік жауаптылық енгізу қарастырылған.