Мәжіліс депутаттары генерал С.Рахымовтың жәдігерлерін елге қайтарып, Астанада ескерткішін орнату мәселесін көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Айқын» газетінің 6 маусым, сенбілік санында «Генералдың қылышын шаң басып жата бере ме?» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының мүшелері, депутаттар: Бақытбек Смағұл, Қайырбек Сүлейменов, Бақытжан Ертаев және Абай Тасболатов даңқты генерал Сабыр Рахимовтың жәдігерлерін елге қайтару мәслесін көтерген.

Мәжіліс депутаттары генерал С.Рахымовтың жәдігерлерін елге қайтарып, Астанада ескерткішін орнату мәселесін көтерді

«Ташкендегі «Даңқ» мұражайында Сабыр Рақымовтың 1926 жылы жараланған кезде маршал Буденыйдың өзі берген алтын сапты қылышы, шинелі, бас киімі - папахасы марапаттары сақталған болатын.

Өзбекстан бауырлас ел ғой, онда жақсы достарымыз да, жанашыр тілектестеріміз де барлығы сөзсіз. Сондықтан, құрметті Бердібек Машбекұлы, ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы ресми хат жолдап, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі келіссөздер жүргізіп, ол жәдігерлерді елімізге әкелудің мүмкіндіктерін қарастыруыңызды сұраймыз», делінген хатта.

«Бұл ерлік пен елдіктің сабақтастығы үшін ауадай қажет. Сабыр Рақымов сирек, даңқты батыр. Демек, оның есімімен және ерлігімен байланысты басты заттар Қазақстанның орталық музейлерінен орын алса, Ер есімі ескеріліп, ескерткіші Астана қаласынан бой көтеріп жатса, бұл өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге зор үлес қосар еді», деп жазады «Айқын» басылымы. «Тірісінде елін ерлікпен жаудан қорғаған, өлген соң, қадірі болмаған» деп ұрпақ жазғырмауы үшін Ұлы Жеңіс жылында осындай ізгі іс қолға алынса, игі болар еді, - дейді Мәжіліс депутаттары Ба¬қытбек Смағұл, Қайырбек Сүлейменов, Бақытжан Ертаев және Абай Тасболатов.