Мәжіліс депутаттары Интернет-ресурстарды БАҚ-қа теңестіру нормасына Үкіметтің жеке қорытынды беруін сұрап отыр
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы барысында
бірқатар депутаттар Интернет-ресурстарды БАҚ-қа теңестіру нормасы бойынша Үкіметтің жеке қорытынды беруін сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы бойынша Интернет ресурстарды, атап айтқанда ондағы форумдар, блогтар мен чаттарды бұқаралық ақпарат құралдары дәрежесіне теңестіру нормасы қарастырылған болатын. Басқосу барысында қоғамдық ұйым өкілдері осы толықтыруға орай өздерінің қарсылықтарын білдіріп, бұл норманың Интернетте еркін пікір алмасуды шектейтінін алға тартты. «Бүгінгі қоғам еш кедергісіз еркін ақпарат алуға құқылы. Егер біз осы норманы қабылдайтын болсақ, біздің жұртшылық «қазақстандық интернеттен» қашып, бұл алаңға мүлдем жоламайтын болады», - деді «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Қалеева. «Сондықтан да қоғамдық ұйым өкілдері барлық Интернет-ресурстарға БАҚ мәртебесінің берілуінен бас тарту қажеттігін айтады».
Ал, жобаны әзірлеуші Ақпараттандыру және байланыс агенттігі ғаламторлық «web-сайтта», блогта және басқа да орында орналасатын ақпараттар тұтынушылардың шексіз тобына арналатын болса, онда бұндай Интернет-ресурсты бұқаралық ақпарат құралы дәрежесіне жатқызуға болады деп санайды.
«Заң жобасының осы нормасына байланысты түрлі көзқарастар мен пікір қайшылықтары орын алып отыр. Сондықтан да біз Үкіметтен жобаның осы бабы бойынша ресми қорытындысын алу керек деп санаймыз», - деді жұмыс тобының жетекшісі депутат Мейрам Пішембаев.