Мәжіліс депутаттары қайырымдылық, демеушілік пен меценаттыққа салықтық жеңілдікті арттыруды ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайырымдылық, демеушілік пен меценаттыққа салықтық жеңілдіктерді арттыру қажет. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы» заң жобасының таныстырылымында мәлім болды. Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын.

Мәжіліс депутаттары қайырымдылық, демеушілік пен меценаттыққа салықтық жеңілдікті арттыруды ұсынады

Заң жобасы түрлі себептермен өмірдің қиын жағдайына тап болған ел азаматтарына және азаматтығы жоқ тұлғаларға көмек көрсету және қолдау саласында құқықтық базаны құру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар қазіргі уақытта заңнамада қайырымдылық мүмкіндіктері, оны іске асырудың заманауи тәсілдері жеткілікті түрде ынталандырылған жоқ, сонымен бірге әлеуметтік, экономикалық және құқықтық саясаттың мықты қабатын құрайтын қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметтің құқықтық ерекшеліктері жоқ.

«Қайырымдылық, демеушілік қолданыстағы заңнамада белгіленген және онда үш пайызға дейінгі салықтьқ жеңілдік деп көрсетілген. Ал меценаттық неге екені қалыс қалған. Менің пайымымша, керісінше, меценаттық ең бірінші орында тұруы керек. Өйткені, бұл мәдениетке тікелей қатысты дүниелер ғой. Сондықтан да, біз ілеспе заң жобасына оларды 10 пайызға дейін көрету туралы ұсыныс жасадық», - дейді депутат Николай Кузьмин.

Оның айтуынша, құжатты қабылдау заңнамалық деңгейде әлеуметтік өмірдің түрлі саласы мен ортасында мүдделі тұлғалардың қызметімен қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметті іске асырумен байланысты қатынастардың құқықтық реттеуін бекітуге, осы қызметке қатысушыларды үйлестіруге және әрекеттесуге ықпалын тигізеді.

Қазақстан Республикасын әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде белгілеу қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметті іске асыру үшін осындай қызметтің әлемде танылған үлгілерге сәйкес құқықтық негіздерді жасау қажеттілігін айқындайды.