14:41, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәжіліс депутаттары климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерді қамтитын заң жобасын талқылады
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Бүгін Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында «Киото хаттамасын Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негізгі конвенциясына ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыс барысында аталмыш құжатқа байланысты қосымша баяндама жасаған депутат Уәлихан Қалижанның сөзіне қарағанда, осында көрсетіліп отырған проблемалар тек Қазақстанның ғана емес әлем деңгейіндегі өзекті жайтты қарастырады. «Көпшілікке мәлім, қазір көптеген ғалымдар климаттың өзгеруін зерттеуде. Бұл жаһандану үдерісімен бірге үйлесіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстардан Қазақстанның шет қалуы дұрыс емес. Өйткені ол Қазақстанның да климаттық жағдайының өзгеруіне байланысты түрлі шаралар қолдануына ықпал етеді. Сондықтан бұл мәселенің өзектілігіне, салмақтылығына жалпы елімізге қажеттілігіне байланысты біз оны қолдауымыз қажет», деп атап көрсетті депутат. Оның мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда бұл құжатты қазір 181
ел қабылдағалы отыр. Тағы үш мемлекет ратификациялаған. Отырыс барысында депутаттар құжатты қабылдау қажет деп шешті. Алайда халық қалаулылары Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің заң жобасына байланысты деректер мен мәліметтерді толық келтіре алмағандығына байланысты құжатты дөңгелек үстел отырысында талқылап, содан соң ғана комитеттің отырысында қарау қажет деген шешімге келді.