Мәжіліс депутаттары Конституцияның 78-бабын іске асыратын тетікті мақұлдады

АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске сыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс депутаттары Конституцияның 78-бабын іске асыратын тетікті мақұлдады

Еске сала кетсек, заң жобасы Ата заңның 78-бабын қолдануға қатысты олқылықтарды жою мақсатында дайындалған. Атап айтқанда, іс жүргізу заңдарында ҚР Конституциялық Кеңесінің заңды немесе нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануының құқықтық салдарының мәселелері реттелмеген. Осыған орай, егер ҚР Конституциялық Кеңесі әкімшілік құқық бұзушылық туралы аталған істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп таныса, қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтату туралы мәселелері шешілмеген. Заң жобасы осындай олқылықты болдырмайды. «Егер сот Конституциялық Кеңеске адамның және азаматтың баянды етілген конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңды немесе басқа да нормативтік құқықтық актіні контитуциялық емес деп тану туралы ұсыныспен жүгінген жағдайда соттың қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру міндеті белгіленді. Егер заңның конституциялығын тексеру басқа соттың бастамасы бойынша жүргізілген жағдайда да соттың осындай міндеті туындайды», - дейді Мәжіліс депутаты Оңалсын Жұмабеков.

 Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.