Мәжіліс депутаттары көші-қон саясатының ағымдағы міндеттерімен танысты

АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы Көші-қон мәселелері және отандастармен байланыстар жөніндегі консультациялық кеңес, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы және «Асар» республикалық оралмандар қоғамдық бірлестігі «Көші-қон саясатының ағымдағы міндеттері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді,

Мәжіліс депутаттары көші-қон саясатының ағымдағы міндеттерімен танысты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Парламент Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, оралмандардың бірлестік басшылары қатысқан басқосуға Уәлихан Қалижан жетекшілік етіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Хабылсаят Әбішев «Көші-қон саясатының ағымдағы міндеттері» тақырыбында баяндама жасады.Әлемде көші-қон саясатын жасап отырған төрт мемлекеттің біріміз. Бүгінге дейін көші-қон мәселесіне қатысты мемлекеттік дәрежеде алғышарттар жасалды. Көші-қон жөнінде үлкен заң бар, Қазақстан азаматтығын алу жөнінде заңға толықтырулар мен түзетулер енгізілген, Президент Жарлығымен 2007-2015 жылдарға арналған Тұжырымдама жасалған. Көші-қон мәселесі Қазақстандағы ұлттық саясаттың құрамдас бөлігі деп қаралып келеді.Алғашқы отырыстың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің назарына бірқатар ұсыныстар жасалды. Соның бастысы, «оралман» сөзін «этникалық отандастар» деген сөзбен ауыстыру жөнінде болды. Депутат Жарасбай Сүлейменов «Елбасы бір қазақты екіге бөлмейік. «Оралман» деген көңілдеріңе қонбаса жақсы балама табыңдар деген болатын», - деп еске салды. Отырыс жетекшісі Уәлихан Қалижан «Этникалық отандастар»,- деген сөзді ұсынып, оны «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасов «Этникалық отандастар» деген заңдық тұрғыдан да, ғылыми тұрғыдан да дұрыс атау»,- деп бастап біраз өзінің ойын ортаға салып, жаңа атауға қолдау білдірді.Депутат Егор Каппель «Бір ауылдан екінші ауылға көшу оңай емес, ал бір елден екінші елге көшудің қандай екенін ойлап көріп, ортамызға келген оралмандарымызға моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру ең алғашқы көмегіміз болуы керек»- десе, депутат Нұртай Сабильянов оралмандардың құжат рәсімдеуде көріп жатқан қиындықтарын жеткізді.Дөңгелек үстел аясында депутаттар мен қатысушылар оралмандардың өзекті мәселелерін ортаға салды. Азаматтық алу, «оралман» атауы мен мәртебесі, мемлекеттік қолдау, оралман квотасы, тұрғын үймен қамтамасыз ету және бейімдеу орталықтарының жай-күйі талқыланды.