Мәжіліс депутаттары ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы мәртебесін заң деңгейінде бекітуге арналған заң жобасына бастама жасады

АНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бір топ Мәжіліс депутаттары Елбасы мәртебесін заң деңгейінде бекіту туралы заң жобасын ұсынды.
None
None

Осыған орай екі заң жобасы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына аталған мәселені күн тәртібіне енгізген соң, құжаттарға қорытынды әзірлеу мерзімі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кезінде Абылай ханнан «Не арманың бар?» деп сұрағанда «Үш жүздің басын қоссам деп едім, қоса алмадым. Қала салсам деп едім, сала алмадым. Қазақты біртұтас ел етсем деп едім, оны да істей алмадым» деген екен. Алаш асылдарының осындай мақсатын, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының сан ғасырлық аңсаулы арманын іске асырып, 1991 жылы сын сағаттар туған кезеңде дербес мемлекет - Тәуелсіз Қазақстанды құру - еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қажырлы еңбегінің, нағыз Ерлігінің арқасында болды. Кейбір мемлекет басшылары, өз ұлтының азаматтарын да басын біріктіре алмай, қырылысып, атысып жатқанда, Қазақстанда тұратын 130-дан астам этнос өкілдерін қазақтың қасиетті берекелі шаңырағының астында топтастырып, олардың бірлігін, ынтымағын нығайтудағы, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы татулықты үйлестірудегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке толы еңбегін бүгінде тек қана қазақстандықтар емес, бүкіл әлем танып, мойындап отыр», деді бастамашы депутаттар атынан сөйлеген Розақұл Халмұрадов. Сонымен бірге, депутат Тұңғыш Президенттің қажымас қайраты мен даналығының, ерлігі мен батылдығының арқасында тәуелсіз мемлекетіміздің шекарасы бекітілгенін, халық қасіретінің ошағы болған Семей атомдық сынақ полигоны жабылғанын, Сарыарқаның төрінде бой көтерген Астана қаласы еліміздің мақтанышына айналғанын атап өтті.

«Нұрсұлтан Назарбаев - әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның Джордж Вашингтон, Ататүрік, Ганди сияқты тек дара тұлғаларға тән көшбасшылық, қасиетімен жарқын күндерге жол бастаған Елбасымыз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - Президент қана емес, қазіргі заманға лайықты мемлекет - Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, республиканың қарқынды экономикалық өсуіне, халықтың әл-ауқатының артуына қол жеткізген және барша өркениетті әлем мойындаған тұлға», деді ол.

Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары бастамашы болып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының ерекше тарихи миссиясына орай оның конституциялық өкілеттіктерін нақты регламенттеуді, сондай-ақ оның қызметін қамтамасыз етудің кепілдіктерін көздейтін екі Заң жобасын әзірленген. Соған орай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы енгізіліп, ол бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі бекітілді.

Соңғы жаңалықтар