Мәжіліс депутаттары лаңкестікке қарсы күресті күшейту мақсатын көздейтін заң жобасын қарайтын болады
АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Өткен жылы Мәжіліске Үкіметтен лаңкестікке қарсы күресті күшейтуді көздейтін заң жобасы келіп түскен болатын.
Осы заң жобасы жұмыс тобында жан-жақты қаралды. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Палатаның жалпы отырысында бірінші оқылымда талқыға салып, мақұлдауды ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Лаңкестікке қарсы құқықтық нормаларды әзірлеу барысында басқа елдердің осы саладағы жетістіктерімен салыстыратын мұндай тәсіл терроризммен күресудің озық және іс жүзінде байқаудан өткен алгоритмдерін қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұсынылып отырған заң жобасы лаңкестікке қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін жетілдіруді қарастырады.
Заң жобасында Қылмыстық және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Терроризмге қарсы күрес туралы» заңға және басқа да бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізу көзделген.
Жобада сондай-ақ терроризмге қарсы операцияның құқықтық режімін қамтамасыз ету мәселелерін қосқанда лаңкестікке қарсы іс-кимылдың басқа да мәселелері реттелген.
Бұл заң жобасы қазанның 14-і күні өтетін Палатаның жалпы отырысының күн тәртібі жобасына енгізілген. Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда талқыға салатын болады.